Қазақстан хоккейшілері Тайваньді 17:0 есебімен жеңді

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында Қазақстан хоккейшілері кезекті ірі жеңіс тіркеді.

Шайбалы хоккейден ерлер құрамасы топтық кезеңінің үшінші матчын Тайбэй командасына қарсы өткізіп, нәтижесінде ұлттық құрама жігіттері 17:0 есебімен сенімді жеңді.

Гол авторлары: Андрей Буяльский, Артем Лихотников, Евгений Рымарев, Кирилл Панюков (төрт гол, Әлихан Өмірбеков (екі гол), Артем Королев, Кирилл Савицкий, Самат Данияр, Дмитрий Гренц, Руслан Оспанов (екі гол ), Александр Борисевич және Денис Чапоров.

KAZ

 Фото:  Olympic.kz ресми сайтынан

Осы жеңістен кейін Қазақстан хоккейшілерін ҰОК президенті, танымал боксшы Геннадий Головкин келіп, арнайы құттықтады. Сондай-ақ, алда болатын маңызды ойындарда жеңіс үшін аянып қалмау керектігін айтты.

Бұған дейін ұлттық құрама Таиландты 12:0, Қытайды 6:1 есебімен тізе бүктірген еді. Ал келесі қарсыласы Жапония болмақ. Екі құрама бұған дейін өзара 21 матч өткізген. Статистикаға үңілсек Қазақстан ерлер құрамасы 15 рет қарсыласын тасада қалдырған. Сондай-ақ, үш рет тең ойнап, үш рет жеңіліс тапқан. Қазақстан - Жапония арасындағы тартысты кездесу 8-ақпан күні өтеді.